Түнгі ғажайып

5

 
главная                                        вернуться

1  2  3  4  5  6  7  8  9  10  11  12  13  14  15  16  17  18

 



ЖҮРГІЗУШІЛІК ҚҰЖАТЫН ӨЗІ ТЕСКЕН

 

Шілде айының күні ашық, самалы жылылығымен адамдарды рахатқа бөлейтін кезі екен. Сарыжаз ауылының қоныстанған жері де тау бөктері болғандықтан да оның тау жағының табиғатының сұлулығы талайды тамсандырған. Алып қарағайдан бастап неше алуан ағаштар мен өсімдіктердің жайғасқан мекені деуге де болады. Жоғары жағында орманның үстін ала Лавасы тауы жатыр. Оның бас жағының арғы беті Қақпақ өзенімен түйіседі. Нарынқол өңірінің барлық аймағын келіп кетушілер әлемде ең сұлу жер, екінші Швейцария деп атап кеткен. Жаз айларында республиканың Алматы қаласы мен басқа аймақтарынан өңірдің сұлу табиғатынан нәр алып, демалу үшін халық көптеп келіп, қуанышпен қайтып жататын. Осындай табиғаты көз тартатын көркем жерде туып өскен және үйленіп ұрпақты болған Өскенбаев Бегасіл Нұрпейісұлы да кіші әкесі Қуатбек сияқты әзіл мен  суырып салмалы сөздің шебері болды. Мінезі былай қарағанда байсалды адамның психологисына ұқсайтын еді. Ол үлкендер алдында көп сөйлемейтін, сөзін байсалды бастайтын. Бегасіл біраз жыл менің басқарған мекемемде жүргізуші болып жұмыс атқарды және жеке қызмет машинемнің де жүргізушісі болды. Өте адал азамат екенін таныта білді. Еститінбіз, Бегасіл өз қатарының сөз шебері деп. Кеңес заманында Текес автобазасының кішкене самосвалын айдап Сарыжаздың орталық көшесімен келе жатқан Бегасіл бірден тоқтайды да, қалтасындағы ысқырығын алып ысқырып дауыстап өзіне-өзі «Түс жолдас Өскенбаев», – деп бұйрық береді де, жерге түседі. Тағы да «жолдас Өскенбаев, әкел жүргізушілік куәлігіңді, мен... автоинспектормын» – дейді де, қалтадағы жүргізуші куәлігін алып өзі ұстап тұрады да, «Мен сені бір кешірдім, екі кешірдім, үш кешірдім, сен ескертуімді орындамадың», – деп, қалтасынан қарындашты алып «Енді кешіруге болмайды» – деп, өзінің жүргізушілік құжатын қарындашпен тесіп тастайды да, қалтаға құжаттарын салып, «Кешір жолдас капитан» – деп Бегасіл самосвалының рөліне отырып оталдырып жүріп кетеді. Көшеде көріп тұрған оның замандастары мен басқа адамдар аң-таң болып орындарынан қозғалмай тұрып қалады. Осы оқиға бүгінде бақилық болған Бегасілдің өзі жоқ болса да, тірлігіндей болып ел арасына тарап кетті.

 

ПИВОНЫҢ КӨПІРГЕНІ, АҚШАНЫҢ ӨКІРГЕНІ

 

Сарыжаз ауылы сол кездегі Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданының екінші мәдениетті мекені саналатын. Ауыл болса да біраз ұлттардың да өкілдері тұратын. Халық саны жағынан ірі мекен болғандықтан «Сарыжаз Селпосы» сауда орталығы осында орналасқан. Ол уақытта қазіргідей емес, ештеңеден уайымы жоқ азаматтар кішігірім демалыс орындарына барып сусынын басып қайтатын. Осындай шөл басатын Селпоның пивоханасында Бегасілдің жары Зинахан сатушылық қызметіне тұрады. Жарына көмектесіп жүрген Бегасіл бір күні: «Құй Зинаш, құй, пиваның көпіргені, ақшаның өкіргені» –  деп, көңілін көтеріп сусынын қандырып жатқандарды ду күлкіге бөлейді. Осындай ғанатты сөз сарыны бүгінде өз құнын өсіріп, ғұмырлы өмірге еніп бара жатқандай әсер қалдырады. Кім білсін, бүгінде ортамызда жоқ екеуі пәни дүниеде әзіл-ысқағын жалғастырып жатқан шығар. Артында ұлағатты сөз қалдырғандардың о дүниеде орындары жаннаттан болсын!

 

ӨЗІМНІҢ ҚАТҚАНЫМ ЕКЕН ҒОЙ

 

Жаз айы, күн ашық, адамдар көшеде сабылып ары-бері жүріп жатқан кез екен. Сарыжаз ауылының қақ ортасынан шығысқа қарай  өтетін Алматы – Нарынқол тасжолының жиегінде шығысқа қарай жаяу кетіп бара жатқан, шашы ұзын, көрікті денелі әйелге арт жағынан атымен келе жатқан Қуатбек құданың көзі түсіп, сол әйелдің бетін көргенше асығады. Құқаңның өзі де үйіне бара жатса керек. Атын қаттырақ жүргізейін десе, ана әйелдің жүрісі де, сыртқы пішіні де қатты ұнайды да, сабырлық сақтап аяңдап жүріп оның әрбір қадамын бақылайды. Сонымен тау жақтан басталатын Сарыжаздан өтетін кішкентай бұлақ суы ағыны үстінен салынған көпірге де жеткенін аңғармай қалады. Құқаң әйелге жақындай түседі. Біраз атын тоқтатып тұрып, әйел ұзағанда барып тақымын басып, атына қамшысын ұрып, желіп әйелдің алдынан өте беріп артына қараса, өзінің жан жары алтын алқа иесі Қатқанын көреді де таңқалып, атының үстінен ауып кетуге аз қалады. Содан бері  Құқаң о тоба бұл әйел өзімнің «Қатқаным» екен ғой деген сөзі ел арасына тарап кетті.    

 

ӨЗ ТОЙЫН ӨЗІ БАСТАҒАН

 

Қуатбек құда қырықтың қырқасына шыққан кезі болса керек. Қадір деген баласы дүниеге келеді. Шілдехана тойы да өз үйінде  басталып кетеді. Дастархан басындағылар коммунистік идеологияның ықпалы заманында  дастархан басындағы меймандар да қыза-қыза той бастаудың уақытына да жетеді. Албан руында тойды Шоған ата ұрпағы бастайды немесе Алжан ата ұрпағы бастайды. Отырыста Шоған ата ұрпақтары да болған екен, осыған қарамастан қуанышының тойында қан қысымын көтеріп алған Қуатбек құда тұрып: «Бұл тойды мен бастаймын» – деп күш бермейді. Ой бұл сенің өз балаңның шілдеханасы ғой дегенге де көнбей, өз тойын – өзі бастап кеткені бүгінде ауыл әзілдерінің қатарынан орын алды.

 

МҮСІРБАЙ ПАЛУАННЫҢ АЙТҚАНДАРЫ

 

Албанның Аламан руының ұрпағы Мүсірбай палуан – табиғаты сондай көркем және халқының меймандостығы жағынан екінші Швейцария атанған Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Сарыжаз елдімекенінде мал шаруашылығы саласында атақты шопан болып еңбек еткен. Халқына сыйлы және шаруашылықтың еңбек ардагері еді. Мүсірбай палуанның маған құда және жезделігі де бар. Бірде көктем мезгілі аяқталып, жер көгерген көктемгі кезде төтенің жайылымында малын қоныстандырып отырған. Бие байлап және сарықымыздың рахатына сусынын қандырған алғашқы мезгіл еді. Ол кезде мен аудандық ірі бір мекеменің бастығы болатынмын. Мекеме Сарыжаз ауылында орналасқан. Аудан орталығы Нарынқолмен арасы алпыс шақырымдай аралықта болатын. Партияның қатал тапсырмалары мен міндеттерін орындамасаң, жағдайың жақсы болмайтын. Мені бір күні аудандағы бір ірі жиналысқа шақырған. Соған ерте тұрып шыққан бетім төтедегі Мүсірбай палуанның үйіне соға кеткенді жөн көрдім. Палуан үйінде жалғыз отыр екен. Қымыз іштік. Азды-көпті әңгімелер айтылды, мен асығыс екенімді және жиналысқа кетіп бара жатқанымды айтып орнымнан тұра бергенімде, Мүсірбай палуан, – Әй, тоқташы, –  деді де, әңгімесін жалғастырды. – Сен білесің бе, менің палуан екенімді, – деп өткен күндерінің белестерінен сыр шертті.

 

ҚАЛМАҚТЫҢ ПАЛУАНЫН ЖЫҚҚАН ЕКЕН

 

Жас кезім, жігіттік шағым еді. Қазақ-қалмақ болып екі төбеге бөлініп жиналды. Ортаға бірінші болып қалмақтың атақты қара палуаны Ноян шықты. Өте денелі, топырақты жерден алып тырмалап, бұқаша өкіріп жан-жағына шашады. Қалмақтарда атойлап “Қазақтар, шығар мықты  палуаныңды!” – деп айқайлауда. Қазақтар жағынан ешкім сытылып бірден шыға қоймады. Сірә, ана атағы жер жаратын қара дәуге батылдары бармай тұрғанын сезгендей болдым. Менің денемді бір құдіретті күш сығып барады. Жүректе соғуын жиілете бастады. Ол кезде денемде қазіргідей емес, кішілеу еді. Шыдамым таусылып, намысым билеп, – Мен шығамын, – деп айқай салдым. Қазақтар жағы маған қарап не дерін білмей қалыпты. Ал, қалмақтар болса мені келеке етіп айғайлап, “қабырғаң сынады, байғұс-ай, өлесің  ғой, күреспей-ақ жеңісімізді бере сал!” –  деп айғайлауда. “Иә, Алла Тағала, иә, ата-баба аруағы қолдай гөр” – деп қалмақтың палуанының қасына жетіп барғаным сол еді, қалмақ палуаны өте шапшаңдықпен жерден бір уыс топырақ алып, көзіме шашып жібергенін байқамай қалдым. Қараңғылық та көзім топыраққа толып ешнәрсе көрінбей кетті. Байқаймын қара дәудің жақын қалғанын сездім. Мені денесімен таптайтындай әсер берді. Мен де халқым үшін жаным пида деп, қалмақтың палуанының белінен ұстап тік көтеріп жерге ұрып жықтым да, басынан аттап кеттім. Қалмақтың қара дәуі жерде сұлап жатты. Қалмақтар өкіріп жылады. Қазақтар менің қара дәуді жыққаныма аттаңдап келіп, мені апарып өз тобына қосты. Міне, сен сенесің бе сенбейсің бе, мен қалмақтың қара дәуінің жамбасын жерге осылай тигізгенмін деп сөзін аяқтады Мүсірбай палуан. Мен де орнымнан тұрып қозғала бергенде, қолымнан ұстап екінші хикаясын бастады.

 

ҚАСҚЫРДЫ ҚЫЛҚЫНДЫРЫП ӨЛТІРГЕН

 

Қыс кезі болатын. Қызылбұлақта қыстауда едім.  Қасқырлардың да алды азық іздеп қойшылардың өрістегі малына шабуыл жасауын былай қойып, қорадағы қойларына да қараңғы түнде шабуыл жасайтын. Менің аяғым сынып үйде жатқанмын. Үлкен балам Молдақан көмекшім болатын. Бірде далада айқай-шу шықты. Қойлардың қатты шұрқырап маңыраған даусы естілді. Балдағыма сүйеніп, ақырын далаға шықтым. Қораның ішінде бір пәленің болып жатқанын байқадым. Қораға жақындап, ішіне кіргенімде бір қасқырдың апаны қорадан шыға алмай, қойларды үркітіп жатыр екен. Молдақаным қарап тұр. Қолындағы мылтығымен де қасқырды атуға батылы бармай тұрып қалыпты. Мен ызаланып кетіп, балдағымды лақтырып тастап, сынық аяғымды ұмытып кетіп екі аяғыммен қасқырдың жанына жетіп барғаным да, апан өзіме ұмтылды. Мен де тоқтамай оның кеңірдегінен ұстап екі қолыммен қылқындыра бердім. Қанша уақыт өткенін білмеймін, арлан қасқырдың өлі денесі  алдымда сұлап жатты деп, Мүсірбай палуан сөзін аяқтай бере, – Ей, тағы тоқта, –  деп тағы бір қысқа әңгіме айтты.

 

ШҰҢҚЫРДАН АТТЫ ЖАЛҒЫЗ ШЫҒАРҒАН

 

Жаздың жайлы мезгілінің бірі болатын. Мен жігіттік құмарыммен атқа мініп ауыл-ауылды аралап келе жатқанмын. Ауылға жақын қалғанымда ауыл шетінде біраз адамның әбігерге түсіп, арқанмен бірнәрсені тартқылап жатқанын көзім шалды. Барсам, төрт-бес жігіт және қатын-қалашы бар шұңқырға түсіп кеткен бір дәу қара атты шығара алмай жатыр екен. Намыстанып кетіп “Ей, маған кезек беріңдер, былай тұрыңдар!” – дедім де, атқа байланған арқанның бір ұшын беліме байлап, “Иә, аруақ” –  деп ырғап-ырғап, шірене тартып екі қолымдағы арқанды оңға солға бұрып, шіреніп тұрып атты көтеріп алып оң жағыма лақтырып жібергенімді де сезбей қалдым. Аналар, – Сен кімсің? – деді. Мен, –  Қалмақтың қара дәу палуанын жыққан Мүсірбай палуанмын, – деп, атыма міндім де, тақымымды қысып, қамшымды атымның сауырына бір салдым да желдіре жүріп кеттім. Артыма бір қарағанымда олар маған қарап әлі тұр екен, –  деп Мүсірбай палуан әңгімесін аяқтаған еді. Бүгінде бақилық болған аламан Мүсірбай палуан өзінің көзі жоқ болғанымен, жасаған ерліктері ел аузында көптеп сақталған.

ЕРЛІКТЕРІ ЕЛГЕ ӨНЕГЕ

ІСКЕНДІР АҒАНЫҢ ЕРЛІКТЕРІ

 

Менімен жақын аталас ағам марқұм Іскендір Тасбайұлы өте ақкөңіл, пейілі кең, ашық жарқын, адамгершілігі жоғары және шындықты нақ басып айтатын адал жүректі жан еді. Өте еркөкіректі, намысшыл және мәселені тез шешетін әрекеті басы қатал болғанмен аяғы татулықпен аяқталатын еді. Айтайын деген ойын бірден айтатын, үлкен-кіші және әйел деп бөлмейтін. Жасымыздан ағамыздың батыл мінезі таныс еді. Азда болса есте қалғандарын хатқа түсірдім. 

 

БАҚСЫНЫ ҚУҒАН

 

Жас кезіміз болатын. Жаз айы. Жайлауда орналасқан әр шаңырақтың киіз үйлері даланың әсемдігін түрлендіре түсуде. Осындай кезде балалар далада ойнап жүрген болатынбыз. Киімінің сыртына әртүрлі маталар қиығын жапсырып алған Күпан бақсы деген біздің ауылға келіп, күнде өзінің бақсылық ойнағын салатын болды. Біз түсінбейміз, киіз үй керегесінің астыңғы жағынан сығалап қараймызда мәз боламыз. Бақсы кейбір әйелдерді сабайды, ақырады, ысқырады немесе таяқшаға мініп киіз үйдің ортасынан оның шаңырағына қарай шығуға ұмтылады. Балалар үшін бәрі қызық. Бұл көріністік бақсы ойыны біраз күнге созылды. Түстен кейін болатын. Бақсы әдеттегі ойынын жалғастырып жатқан. Іскендір ағам атымен келе қалды да, одан түсіп бақсы ойнап жатқан киіз үйдің ішіне кіріп бақсыны қамшымен бақыртып кеп сабады. Бақсы бірдемелерін айтып, үйдің ішінен таяққа сүйеніп үйдің шаңырағы арқылы сыртқа шығып кетті де, атына мініп қаша жөнелді. Іскендір ағамда өз атына мініп бақсыны қуа жөнелді. Бақсы жотаны айналып қашады. Ал Іскендір аға болса бақсының артынан да және алдына да шығып қамшының астына алып, быт-шытын шығарды. Бақсы өкіріп ылдиға қарай жаман торысымен қашып барады. Ағаның ерлігінен ауылымыз жынды бақсыдан толық азат етілген еді.

 

ЖАБЫҚБАЙДЫҢ ҚАБАҒЫ ЖАРЫЛДЫ

 

Бүгінде сексеннің ортасына жақындаған, бұрынғы Күрті ауданының Ақши елдімекенінде тұратын Жабықбай жездеміз өте қылжың және отырған ортаға мән бермей өзінің қайын жұртынан кездескендерге ер-әйел демей, ар-ұятына қарамай өрескел сөздерін айта салатын жан. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан ауған уақыт болатын. Жабықбай жезденің үйіндегі әпкеміздің туған інісі Толықбай аға көрші елден ел жұртына жүздесіп амандасуға келген-ді. Алматыдағы ҚазҰУ де қызмет атқаратын Шаймұраттың үйіне жақын туыс, таныстар, жекжат-жұрат тағы басқа ағайындар келіп, Толықбай ағаға амандасуға жиналып, дастархан басында ұзақ әңгімелер тізбегі жалғасып жатқан-ды. Қызу у-дудың ортасында Іскендір ағамен бірге Жабықбай жездемізде отырады. Әдетінше Жабықбай жездеміз үлкен кісілердің алдында осында отырған біздің рудың жастарына баяғы ұятты қалжындарын бастап кетеді. Іскендір аға: «Тоқтат!» – деп, Жабықбайға бірнеше рет ескертеді. Жабықбай айтқанынан қайтпайды. Сонымен, ағаның шыдамы кетіп бір шыны стаканды лақтырып Жабықбайға бағыттайды. Стакан Жабықбайдың қабағына тиіп, қызыл ала қан жосаға айналады. Ағадан таяқ жеген Жабықбай жезденің үні осылай өшкен еді. Абайламай сөйлегеннен құдай сақтасын!

 

ӘЙЕЛДІҢ ҮЙІНЕ БАРМАЙМЫН

 

Коммунистік партияның билігі заманында өз республикаңда ауылдан қалаға келіп қоныстану деген өте қиын еді. Оның үстіне Алматы облыстық партия комитетінің арнайы құпия қаулысы бойынша Нарынқол, Кеген және Ұйғыр аудандарынан қазақтарды Алматы қаласына қоныстандырмау жөнінде арнайы қаулы бар екен. Сылтауы ауылдағы малды бағатын, техниканы басқаратын және ауылшаруашылық өнімдерін дайындайды деген себептермен он сыныпты бітіргендердің көбін ауылда комсомолдық бригада деген атпен елде қалдыратын. Менде осы бір қиын кезеңдерде арнайы шақырумен Алматы қаласына қызметім ауысқан-ды. Үй дегенің қымбат болатын. Қаражат табу да қиын. Ал, ұйымның беретін үйлері бітуі де ұзаққа созылатын. Осындайда жанұялық жарың мен бала-шағаннан алыстау болу кімге болса да ауыр еді. Мен үй сатып алуға белімді бекем буып кіріскенмен, алдымнан бір адамға тоғыз шаршы метрден алаң дегені маған қырсық болды. Мен тұруға таза тіркеу алаңы бар жетпіс екі шаршы метр үйді сатып алу үшін, ірі көлемді қаражатты өмірімде таба алмайтыныма көзім жетті. Сонымен амалсыздан бір айла ойлап табуға тура келді. Жұбайым Түймекүл ауылдан балалары жазылмаған, некелік тіркеуі көрсетілмеген тап-таза кеңестік жаңа паспортын алып келді. Алатын үйімізді жұбайым бойдақ қыз болып өз атына жаздырып алды да, біртіндеп балаларды үйдің кітапшасына тіркей бастады. Мен жарты жылдан кейін өз үйіме әрең үй кітапшасына тіркелу құқына ие болдым. Өтті дәурен осылай да – осылай. Елден туыстар мен інілеріміз де қалаға қарай ағыла бастады. Тағы да баяғы тоғыз шаршы метр қырсығынан үйді сатып алушылар өз аттарына жаздыру да қиын болды. Мен інім Қыдыралыға өз басымыздан өткен қиыншылықтардан құтылу жолдарын айтып, Әсет келінге таза паспорт алғызып үйді келіннің атына тіркетуді ұсындым. Айтылған орындалды. Қыдыралы інім Әсет келіннің арқасында үйлі болды. Бүгінде немере сүйген ынтымақты ата мен апаға айналды. Әсеттің атына алған үйді естіген ағайындар тыныш жүрмей арам ойларын атасы Іскендір ағаға жеткізеді. Іскендір аға бұған ыза болып, намыстанып баласы мен келініне қатыспай қояды. Біраз уақыт өткенде мен Қыдыралы ініміз екеуіміз Алматыдан жетпіс шақырымнан асық ауылда тұратын Іскендір ағаның үйіне келіп сәлем бердік. Аға ақжарқын көңілімен жеңгеміз Ырысқанға дастарханын дайындатып, біраз әңгімеден кейін дастарханға келіндер деді. Жақсы әңгімелер айтылды, алдыдағы астан да ауыз тидік. Ағаның қабағы ашылып, күлкісі де жарасып келеді. Мен де сөз кезегін алып: «Аға мына Қыдыралы жұбайы Әсеттің атына» – үй алғаны несі деп ақырын ғана ескерттім. Тағы да аға, – Келін мына ұлды тастап кетеді. Бітті енді дегені. Мен: “Аға сіз неге басқаның сөздеріне сенесіз, менде өзімнің жұбайым Түймекүлдің атына алғанмын”, – дедім. Аға маған тіке қарап тұрып, Түймекүлге сенуге болады ғой ал, Әсетке сенуге болмайды дегені. Мен қалайша кішкентайынан бірге өскен, тәрбиелеген қазақи жолмен тойын жасап келін еткен өз келініңізге сенбейсіз? Ал менің жұбайымды үйленген соң ғана көрдіңіз, бұл дұрыс емес дедім. Ағамыз жымиып күліп, мұртын сипап Зияш айтқаның дұрыс, ана біреулердің айтқанына сеніп қалыппын, заң жолын қайдан білейін ертеңнен бастап қалаға балалардың үйіне барамын дегені. Біраз жылдан кейін ағамыз да Алматыға қоныс аударып, ортаншы баласы Бақытының қолында тұрды. Қаланың жағдайына риза болып, баяғыда келу керек екен ғой дегені бір күні маған. Бүгінде бақилық болған ағаның даналық сөздері мәңгілік есімізде сақталуда.  Дегенмен, жасымыз пайғамбар жасынан асқалы бері, ініміз екеуміз әйелдеріміз қай күні үйден қуар екен деп, жүріп жатқан жайымыз бар. 

 

СЕНБАЙ ҚҰДАНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ

 

Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері, марқұм Әлібеков Сенбай Сарыжаз ауылының сыйлы және ардақты азаматы еді. Зейнеткерлікке дейін өз ауылының шаруашылығында агроном, басқарушы тағы басқа қызметтерді абыроймен атқарды. Өзінің салмақты сөзі мен ұнамды мінезі арқылы кез-келген адамды өзінің жанына жинай алатын. Сенбай құданың әңгімелерін тыңдаған адамдар ол кісіден жаңа әңгімелерді күтуші еді. Солардың бір-екеуіне тоқталайық.

 

ОРМАНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

 

Сенбай құда айтатын екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде өте ауыр жолдардан өттік. Соғыстың аты соғыс –  ғой. Таңның атысымен кештің батысына дейін соғыс майданында жауға қарсы оқ атумен боласың. Кейде жаныңдағы жолдасыңнан да қалай айырылып қалғаныңды сезбейсің. Осындай қиын жағдайларда өзіңнің ауылыңнан бірге соғысқа барғандарды кездестіру деген ойыңа да келмейді. Арнайы пойыздың вагондарына солдаттарды отырғызып екінші бір бағытқа алып бара жатқан болатын. Кездейсоқ орман ішіндегі бір станцияға пойыз тоқтады. Далаға шықтық. Тәртіп қатал. Орманның ішінен сары ала сиырлар қаптап шығып келеді. Оны бағып жүрген солдаттың қазақша «Шо топалаң,шо», – деген даусы құлағыма сақ ете түсті. Мен де өз құрамымыздағы солдаттардың ішіндегі жалғыз қазақ едім. Жүрегім қобалжып, көңілім босаңқырап жалт етіп орман жаққа қарасам өңі орысқа ұқсас солдат екен. Бұл қалай қазақша біледі, әлде қазақ ауылынан ба екен деп ойланып қалдым. Ол да мені көріп маған қарап тұрып қалды да, маған қарай Сенбай, Сенбай деп жүгіріп келеді. Келді де, құшақтасып көрісті. Сөйтсем солдатым өзіміздің Көміршілік әрі құрдасым Тұрысбек екен. Ұзақ әңгімелесуге уақыт болмады. Тұрысбек маған қолындағы сағатын беріп тұрып қоштасты. Мен де ішім елжіреп әрең ажырастым. Екеуміз де соғыстан аман елге оралдық. Үйлендік, ұрпақ сүйдік. Мен шаруашылықта ал, Тұрысбек болса өзінің ауылындағы Көмірші орта мектебінде ұстаздығын жалғастыруда. Сенбай құда өз қалжыңына басып, марқұм Тұрысбекті көрсе, – Ей, сен баяғы неміс соғысы кезіндегі сиыр бағып жүргеніңдегі маған сыйлаған қолсағатың өлген қай немістікі? – деуші еді. Түкең де қарап тұрмайтын. Асыл азаматтардың өздері арамызда бүгінде болмағанымен олардың айтқан қалжыңдары мен асыл бейнелері ұрпақтар есінде қалары анық.

 

 

 

 

В начало